5 жасында халықаралық «Әнші балапан» ән байқауында лауреат атанып, көрерменнің жүрегін жаулаған Фарида Жолдасованың өнерде жүргеніне биыл 25 жыл. Фарида өз әріптестерінің арасында ән өнеріне ерте жастан келуімен және үздіксіз шығармашылықпен айналысуымен ерекшеленеді. Қазақстан бойынша жас балалар арасында алғашқы болып 7 жасында «Бала тілегі» атты ән жинағы үнтаспа кейін аудио диск ретінде жарыққа шыққан.
13 жасында Республика сарайында жасөспірім әншілер арасында алғашқы болып жеке концертін берген. Ал 2007 жылы Астана қаласы Конгресс холл залында екі бірдей кеші аншлагпен өтті.
Осы 25 жыл ішінде Фарида үздіксіз өнермен айналысып келеді. Қытай елінің бірнеше қаласын аралап, 14 тен астам кеш өткізді. Еліміздің аймақтарын түгел дерлік концертімен аралаған. Музыкалық бағдарламалар, сайыстар, халықаралық жобаларда да бақ сынады. Авторлық әндерін елімізге танымал жұлдыздар орындайды.
Бүгінде Астана қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында эстрада артисі қызметін атқарады.
Дәл қазір 15 қазанда Алматы қаласы Республика сарайында өтетін жеке шығармашылық кешіне дайындық үстінде. Кеште Фариданың тыңдарман жүрегінен орын алған хит әндері орындалады. Сонымен қатар көпшілік жақсы көретін, өзге елдерге де танымал өнер жұлдыздарымен жаңа дуэттер болады. Жалпы концерт жаңаша форматта, тосынсыйларға толы болады.